суббота, 7 сентября 2013 г.

Syzdykova Lazzat, Abdikhalikov Sagatbek, National folklore of the Kazakh yurt, Kyzylorda, Zhana-korgan



Әлем көшпенділері киіз үйлері һақында аңыздар, мифологиялар,ертегілер, өлеңдер, жырлар,мақал-мәтелдер һәм фольклорлық мұралар

Сыздықова Лаззат -  №163 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Әбдіхалықов Сағатбек 2 «в» сынып оқушысы
Қызылорда облысы, Жаңақорған кенті
Жоспары:
I.Кіріспе
II.Негізгі бөлім
А)Киіз үйдің пайда болу тарихы
Ә)Киіз үй туралы өлеңдер мен жырлар, аңыз әңгімелер
Б)Киіз үйдің көркемдігі туралы .
III.Қорытынды:
IV.Пайдаланылған әдебиеттер
    «Атамыз Алаш, керегеміз ағаш» немесе «киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп аталы сөз айтып қалдырған ата-баба, аналарымыздың негізгі баспанасы киіз үй болғаны әркімге аян. Киіз үй тек қазақ  халқының ғана емес бүкыл түркі тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ мекені болғаны анық. Солай бола тұрса да оны қастерлеп ұстап, ғасырдан - ғасырға оның мән-маңызын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екені әркез мақтанышпен айтылып жүр. «Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй оның тұрағы, құтты мекен-жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағалайды. Киіз үй-өзіндік баға жетпес өнер туындысы, қазақ халқы үшін өмір салты мен әдет-ғұрпының, дүниетанымының, сан ғасырлық мәдениетінің жарқын айғағы. Көшпелілердің кіші әлеміне айналған киіз үй олардың өмірінің көп бөлігі өтетін дәстүрлі тұрақты мекен жайы болған. Киіз үй – көшпелі өмірге бейімделген, ерте заманнан келе жатқан көшпелілер баспанасы, Еуразия далаларындағы жартылай көшпелі және отырықшы халықтардың арасында кеңінен таралған. Киіз үй – көшіп қонуға лайықталып жасалады. Ыстық күндері киіз үй салқын болса, қысты күні керегесін екі қабат киізбен қаптап, ошақ жағып, жазға дейін отыра беруге болады»[1.6 б ].  
   « Киіз үйдің пайда болуы қола дәуіріне саяды. Киіз үй б.з.б. VІІ-ғасырынан бастап кеңінен пайдаланылып,киіз басу белгілі бір кәсәпке айналған. Киіз үйдің сол кезден бастап кеңінен таралғанын сол заманда тасқа қашап түсірілген Алтай, Сібірдегі Баянжар тасы, Қырым суреттерінен айқын байқауға болады. Көшпелі сақ тайпаларының киіз үйде тұратынын алғаш рет ежелгі грек тарихшысы  Герадот жазды. Киіз үйдің сыртқы пішіні байырғы дін домбауылдарға ұқсас, төбесі күмбезденіп келеді. Негізінен киіз үй қазақ үй, ағаш үй, қара үй деп үшке бөлінеді. Оның себебі-Батысы мен Шығысы, түстігі мен терістігі мыңдаған км-ге созылған қазақ жерінің географиялық жағдайы киіз үйдің сырт пішіні, жасалу техналогиясына да аздаған өзгешеліктер енгізген. Оны киіз үйдің әр жерде, әр түрлі аталуларынан да байқауға болады.Мысалы : оңтүстік облыстарда оны  киіз үй деп атаса, батыс облыстарда ағаш үй, киіз үй деп қатар айтады.Жалпы киіз үйдің үлкен – кішілігін санына  қарай белгілейді. Киіз үйдің екі, үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін түрлері болған. Киіз үй керегесінің басы 70-80-нен 360-қа дейін барады. Ауқатты қазақтардың киіз үйі 8 қанаттан 30 қанатқа дейін баратын  үлкен және өте бай жиһазды өрнектермен  безендіріліп, әшекейленген. Бұларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Ал орташа шаруаларға  тән киіз үйді алты қанат, ақ боз, қоңыр үй, қара лашық, күрке отау, итарқа жолым үй деп атаған. Жолаушылар мен жорықшылардың  тігетін үйлерін абылайша, ақ қос, қаңқа; арбаның үстіне тігілетін үй - жорық үй деп аталған. Қазақтың киіз үйі өзінің мәдени-тұрмыстық, шаруашылық жағдайына байланысты, негізінен, үш түрге бөлінген:
1)     Жаздыгүні тұруға арналған киіз үй;
2)     Мереке - жиын кезінде немесе қадірлі қонақты күтіп алатын киіз үй;
3)     Жорық кезінде тігілетін киіз үй.
      Бұдан басқа негізгі үйден бөлек асханаға, қоймаға, сарайға арналған да киіз үйдің түрлері болған. Қазақ киіз үйі қазақ халқының өзімен бірге өмірге келіп, өмір бойы бірге жасасып келеді. Демек қазақтардың киіз үйге арналған әрбір сөзінде, тұрақты сөз тіркесінде, мақалы мен мәтелдерінде, алғысы мен қарғысында,өзінің болмысы, дүниетанымы, суреткерлігі мен шешендігі жатыр деген сөз. Мысалы бір ауыз «күпекше» деген, қазіргі үй тігіп отырған шаңырақ иелерінің  біразы ұмыт қалдырған сөзді алып қаралық. Бұл сөз сәндік үшін, уыққа салбыратып байланатын, баудың арнайы дайындалатын бұл көркем қоңырау секілді нәрсесі. Сондықтан да біз киіз үй туралы сөздер мен сөз тіркестерін іздестіріп, ерінбей - жалықпай жинастырып ала-алсақ ежелгі қазақ тілінің дәмін тата алатын боламыз»[2.14 б].    « Киіз үй үшін қазақ азаматтары байлығын аямаған және сол арқылы қазақ дәулеті мен мәдениетін таныта білген. Қазақтар өзінің киіз үйі арқылы жаратылыстағы сәулет өнерінің (архитектура), тиімділікті (экономика), табиғат пен адам үндестігінің (жарасым) әлемдік үлгісін (модель) жасай алған халық. Киіз үйді арнайы зерттеген кісі оның тек қана қажеттіліктен туған форма еместігіне көз жеткізер еді. Ол сәулет өнері тұрғысынан қарағанда керемет үйлесім мен жарасымдылықты танытса, философиялық ойларға әлемдік жаратылыс тұрғасынан жауап бере алады... Кез келген баспана, адам баласы үшін, өмір. Ал киіз үй болса, қазақ халқының эстетикалық тәрбиелеушісі, қол өнерінің мұражайы ретінде де қымбат дүние. Киіз үй пенделік, адами тұрғыдан қарағанда да иелерін бір-бірінен айтарлықтай алшақтата қоймайды. Еуропа байларының сәулетті сарайының қасында жарлылар  лашығының тұра алмайтыны қаншалықты рас болса, қазақ байының киіз үйі қатар тігілген жарлысының киіз үйінсіз көзге елестетілмейді. Қазақтың киіз үйлері иелерін, адамдарды рухани теңестіреді, жақындата түседі. Сондықтан да Жиренше шешен, сирағының жартысы тысқа шығып жататын шағын киіз үйін: «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» - деп мәртебесін хан ордасыменн теңестірген»[3. 7 б]   «Киіз үй – адам ғұмырының бұл жақтағы жартысы... Жаратылыстың мызғымас заңының негізі – бар нәрсе шар тәрізді ұсақ бөлшектерден тұратын болса, бар тіршілік негізі – шар тәрізді форма болатын болса, киіз үй шардың жартысы, сол форманың бірінші бөлігі. Киіз үйдің есігінен кіріп төрінен шыққан, жайласып молдасын құрып отырған әрбір пендені ғажап шексіз әлем туралы, сол әлемнің жартысындай боп, кереге, уық, шаңырақ арқылы жасалған ғажайып күмбез формасы туралы, жаратылыстың көк күмбезі туралы ойға шақырады да, сол шақта киіз үй әлем жаратылысының моделі секілді боп кетеді. Табиғатқа үйлесімділігі мен адамдарға ыңғайлылығы соншалық киіз үйді ойлап тапқандар мен оның үстіне үй етіп тігіп пайдаланушылар сан ғасырлар бойы оны қайта жасауға тырыспаған, басқа форма іздеп, өзгеріс енгізбеген. Ол - киіз үйдің мінсіздігінің дәлелі. ...
     Киіз үйді көзімен көріп, оған түнеп шыққан сырт жолаушының таңданыспен жазбағаны жоқ десе болғандай. Мысал ретінде қытайдың айтулы ақыны Бо  Цзюийдің (772-846 жж.) «Киіз үйі» деп аталатын өлеңін белгілі ақын Несіпбек Айтовтың аударуында келтіріп көрелік:

Киізіне жүні кеткен мың қойдың,

Шаңырағы қайыңнан күнгейдің.
Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,
Дей алмаймын ағашына мін қойдым.
Сайын дала оның мекен тұрағы,
Бірде көрсең терістікте тұрады.
Сарбаздармен бірге көшіп сағымдай,
Бір қарасаң түстік жақтан шығады.
Шым жібектен мықты белбеу байлаған,
Қозғалта алсын қандай дауыл, қай боран?!
Кірсең жылы, іші қыз-қыз қайнаған,
Көкжиектей дөп-дөңгелек айналаң.
Тауқыметтің тартып едім талайын,
Бұл киіз үй болды менің сарайым.
Айлы күнге көлеңкесі-ай көлбеген,
Қыста онымен бірге өтеді сан айым.
Туырлықтың сыртын қырау шалса да,
Ызғар өтпес боран соқсын қаншама,
Сән-салтанат іші кірсең шыққысыз,
Көрген пенде таңдай қағар тамсана.

Жыршы төрде, бұлбұл құстай сайрайды,

Бақсы билеп от басында ойнайды.
Балдай қымыз балбыратып денеңді,
Алпыс екі тамырыңды бойлайды.
Қою түннің құшағында аунаған,
Қандай ғажап жалынды ошақ лаулаған! 
От сәулесі аймалайды іргені,
Дірілдеген қызыл гүлден аумаған.
Кең ашылып түнгі ауаның құшағы,
Қасиетті түтін көлбеп ұшады. 
Сіл сейілсе,кенет көктем суындай,
Тасқындаған өлең көпті құшады.
Мұнда отырған жанда қандай бар қайғы,
Ұжымаққа шақырсаң да бармайды.
Шөп күркеде күн кешкендер күйбеңмен,
Май тоңғысыз қыста-дағы жаурайды.
Сопылар да киіз үйді армандап,
Пысықай да қарызданар қалбаңдап.
Мен осында ұрпағымды өрбітіп,
Дәм-тұзымды жаям келген жанға арнап.
Салнатты сарайына патша мас,
Сарай барлық үмітіңді ақтамас.  
Сарайыңа бермеймін мен баспа-бас!-
деп жырлаған екен».    [4.28 б]
«Біздің эрамызға дейінгі 107 жылы үйсін ханының ұзатылған қытай қызы еліне өлең сөзбен: «Мені ұзатқан Үйсін патшаның елі  көшіп жүреді екен. Дөңгелек үйлерде турады екен. Оны киізбен жабады екен.» - деп хат жазыпты. Қытай қызы Си-Гюньнен 1000 жылдан кейін өмір сүрген саяхатшы Худуд ал-Алем өзінің «Әлем шекарасы» атты кітабында көшпелілердің жазы да, қысы да өздерінің дөңгелек киіз үйлерінде өтетінін жазып кеткен. Ал, сол үйсін ханшасы Си-Гюньнен 2000 жыл кейін өмір сүрген Сүйінбай қырғыз ақыны  Қатағанмен айтысқанда:
... Тіле деді манаптар
Тілерге кетті ауызым .
Бір тілесе Сүйінбай
Аз ғана қылып тілей ме...
Бір үй берші үстіме –
Керегесі күмістен,
Уықтары алтыннан,
Маңдайшасы гауһартас,
Иіліп оған кірерге...
Он бес жасар бір қыз бер,
Онымен ойнап күлерге...
-        деп киіз үйді ең басты нәрсе деп түсінеді»[5. 56 б].
«Қазақ даласында өмір сүрген атақты хандар, билер, байлар орда тігіп салтанатты өмір сүрген. Соның ішінде Көкшетаудағы Абылайдың ақ ордасы, Ырғыздағы Самырат байдың үйі, Шыңғыс төренің 24 қанат ордасы, Жетісудағы Тезек төренің ордасы, Ақмоладағы паң Нұрмағанбеттің үйі сияқты елге аңыз болған үйлер көп. Шыңғыс Уалиханов баласы Шоқанға арнайы қайың ағаштан 10 қанат киіз үй жасатқан.1865  жылы Шоқан ауылында қонақ болған генерал А.К.Гейнс боялмаған қайыңнан жасалған мұндай сәнді үйді бұрын – соңды еш жерден көрмегенін таңдана жазған. Ә.Х.Марғұлан  еңбектерінде адай руынан шыққан Қаражігіт Талпақұлы күмістеліп, сүйектеліп безендірілгені туралы деректер бар».[6. 32 б] «1876 жылы Мейрам хажы  Жанайдарұлы (Кенесары ханның бас батыры Жанайдардың бел баласы) Петербургте 1890 жылы Ибрайм Әділов Қазандағы көрмеге киіз үй апарып, қазақ мәдениетін Еуропаға паш еткен. Жазушы Шыңғыс Айтматов Батыс Еуропадағы белгілі музейлердің бірінен қазақ киіз үйін көргендігін жазды. Сондай-ақ, Гамбург, Майндағы Франкфурт (Германия) қалаларындағы музейлерінде де  қазақ киіз үйлері бар деп жазды. Қазақтардың алғашқы  құрылтайында тігілген киіз үйлер ішінде бірінші жүлде алған Маңғыстаулық Тәкенов Атабайдың үйі елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына сыйлыққа тартылады.  Маңғыстаулық  Назаров Тәжік деген азаматтың киіз үйі Астанадағы Президент мәдени орталығына экспонат ретінде тігілді. Р.Отарбаевтың «Екі киіз үйдің тарихы» атты мақаласында жаңа таққа отырған орыс императоры Николай І (1821 ж) киіз үй сыйлау арқылы Жәңгір Бөкеев  оның ықыласын өзіне аударуға тырысса, Өтешқали Атаниязов пен Мақаш Бекмұхамбетов секілді ұлт жанды азаматтар саф алтыннан жасалған киіз үй макетін патшаға тарту етіп, орыстардың қазақтарды жаппай шоқындыру саясатынан айнытқысы келгендігін баяндаған. 1861 жылы Алмас деген кісі  Париждегі дүниежүзілік этнографиялық көрмеге киіз үй апарып  еуропалықтарды таң қалдырып, бәйге алған». [7, 44 б]     
     «Этнографиялық пайымдаулар бойынша киіз үй халықтың дәстүрлі наным-сенімінде болып келген. Қазақ халқы «Түндігіне қарлығаш ұя салған үй – қасиетті үй» деген сенімде болған. Сондай-ақ халық арасында киіз үй туралы мақалдар мен мәтелдер кең таралған. Мысалыға мыналарды айтуға болады.
1.     Келіні жақсы үйдің – керегесі алтыннан.
2.     Салқын үй салулы төсек.
3.     Кедейді тер қысса, керегесін арқалап тауға шығады.
4.     Біреудің үйін жыға білгенмен, тіге білмейсің.
5.     Киіз үйдің жақсы болмағы ағашынан.
    Ер жігіттің жақсы болмағы нағашыда.
                                      Киіз үй туралы жұмбақтар:
1.     Отыз омыртқа, қырық қабырға,
           Бәрін ұстап тұрған ауыз омыртқа.                   (киіз үй)
2.     Бір нәрсе өзі білік, іші қуыс,
      Ол заттың  сүйектері айқұш-ұйқыш. 
      Көзі бар жарқыраған төбесінде,
           Жайса үлкен, жиса болды, бір-ақ  уыс.             (киіз үй)
3.     Үй үстінде төрт шыбық,
           Төртеуі де тең шыбық.                                        (түндіктің төрт бауы)
4.     Әкесі баласын көтеріп тұр,
            Баласы  бөрікін көтеріп тұр.                               (кереге, уық, шаңырақ)
5.      Алпыс келін ат ұстап  тұр,
            Жетпіс келін жер тістеп тұр.                              (уық, кереге)
Киіз үйге қатысты ырымдар мен тиымдар:
1.     Киіз үйіңнің басқұрын сатпа, басың құралмайды.
2.     Киіз үйдің босағасына кәрі жіліктерді іліп қойсаң, тіл-көзден, пәле-жаладан сақтайды.
3.     Киіз үйдің белдеуінен ұстап асылма, ауруға көрінеді.
4.     Киіз үйге құмырсқа көбейіп кетсе, жылқының екі тезегін байлап уыққа іліп қояды.
5.     Киіз үйдің шаңырағына қарлығаш ұя салса, ол үй балапан ұшып кеткенше көшпейді, ұясын бұзбайды». [8. 38 б]

        Киіз үй  қолдан жасалған алғашқы күмбезді ғимарат. Адам баласының қолынан шыққан барлық күмбезді тас ғимараттар (жер асты кеуектер мен үңгірлерді есептемегенде) жас жағынан киіз үймен таласа алмайды. Барлық халық та, тіпті жабайылар да дүниежүзілік мәдениетке, жаратылыстану ғылымына өз үлестерін қосады.Қазақт халқының сол дүниежүзілік қорға қосқандарының ішіндегі ең қомақты еңбектерінің бірі өзінің киіз үйі.Олай болса киіз үйді сақтап қалу, ол тек қана қазақтарға етілетін еңбек емес, ол  дүниежүзілік мәселе.Ол  тек қана қазақтар еңбегінің жемісі емес.Ол дүниежүзілік эволюция қортындысы.Олай болса біздер,киіз үйдің қажетсіздігінмойындамас бұрын өзімізге бірнеше сұрақтар қойып және сол сұрақтарға жауап іздестіріп қарауға міндеттіміз.  Біздің алдымыздағы негізгі сұрақ – ата-бабаларымызға Ұлы жаратылыс сыйға тартқан, ата-аналарымызға пана болған, үлесімізге тиген жеке дара еншіміщді, осы тамаша көркімен болашақ ұрпағымызға мұра етіп тырыстық. Олай болса, киіз үйді келешек ұрпақтарға мұра ретінде жеткізу міндеттері тұр. Дүниежүзі саяхатшыларының таңдайын қақтырып, бабаларымыздың басын игізген қасиетті киіз үйдің қазақ халқы үшін қаншалықты маңызы бар екенін ұрпағымыздың болмысына сіңіруіміз қажет деп есептеймін. [9.54б]



Пайдаланылған әдебиеттер:

 1. Сайын Назарбекұлы  қазақтың киіз үйі. Астана: Елорда, 2005-96 бет. 
2. Арынов Т... Киіз үй атаулары. Жалын №4 64-бет 1987 жыл
3. Арынов Т... Этнографиялық әліпбе. Киіз үй. Ақ желкен.№12 40-43 бет 1995 жыл
4. Бекенов А... Көнеден жеткен киіз үй. Этнографиялық толғау. Социялистік Қазақстан 22       наурыз 1991 жыл.
5. Тәжімұратов... Киіз үй және оның жиһаздарына байланысты сөздер. Қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер. Алматы.1973 жыл.
6. Назарбекұлы С... Қазақ киіз үйі – қазақ болмысы. Маңғыстау 19 шілде 2003 жыл.
7. Әмірқызы К... Патшаны таңдандырған киіз үй. Егемен Қазақстан, 28 сәуір 2001 жыл.
8. Арныов Т... Киіз үй. Қазақтың киіз үйлерінің түрлері туралы. Жұлдыз, №11 1993 жыл. 9. Әбдуов Қ... Киіз үйдің кереметі. Сыр бойы газеті 14 шілде 2001 жыл.
10. Қуатайұлы Е... Киелі киіз үй//Астана ақшамы, 21 наурыз 2002 жыл.
11. Ғаппаров М... Киіз үй – биік өнер туындысы// Қазақстан мектебі. №4 2003 жыл.

1 комментарий:

  1. How to win a casino site - Lucky Club
    It seems that you can win online gambling slots luckyclub.live with real money. The biggest online casino in India is the Betway casino. They have a lot of games available

    ОтветитьУдалить